Сенат мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарына қатысты құжатты бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылғанын атап өтті. Заң жобасын қабылдау халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етеді және шамамен 400 мың қазақстандықтың құқықтарын жақсартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі.

«Негізгі тұжырымдамалық жаңалықтарға тоқталсақ, құжатта себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрін енгізу қаралған. Қазіргі уақытта I топтағы 66 мың мүмкіндігі шектеулі жанның арасынан әрбір үшіншісі күтімі бойынша жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтылмаған. Яғни басқа адамның көмегіне зәру, өз бетімен жүріп-тұра алмайтын мүгедек жандар», - деді С. Шәпкенов. Бұдан басқа, бала денсаулығының бұзылу дәрежесін және тыныс-тіршілік әрекетінің шектелуін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды (мүгедектік) топтар бойынша бөлу көзделген. Бұл қадам балалар ауруының дәрежесіне қарай оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Осы орайда 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балаға қатысты болады. Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар бір мезгілде берілуі мүмкін. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар бала ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алимент пен мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Алайда, ата-анасының (асыраушы) бірі немесе екеуі де қайтыс болған жағдайда, бала тек мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады. Жәрдемақының екі түрін бір мезгілде тағайындау ата-анасынан айырылған балаларға қатысты кемсітетін норманы алып тастауға мүмкіндік береді. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мыңнан астам бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін), асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)», – деп түсіндірді министр.
Мүмкіндігі шектеулі балалар тұрғын үй кезегіне тұру құқығына қатысты жаңа норма енгізіледі.
«Құжатта мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді», - деді С. Шәпкенов.
Сонымен қатар, заң жобасы аясында мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 16-дан 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылды. Бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар