Сенат мүгедектігі бар адамдардың түрлі саладағы құқығын қорғайтын құжатты мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңның мақсаты - 2006 жылғы 13 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметінше, факультативтік хаттама Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қосымша келісім саналады және оны іске асырудың тетіктерін белгілейді.

Конвенция мен Факультативтік хаттамаға Қазақстан 2008 жылы қол қойды. Конвенция Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 20 ақпандағы Заңымен ратификацияланды, алайда Факультативтік хаттама осы уақытқа дейін мемлекетішілік тиісті рәсімдерден өтпеген.

Факультативтік хаттаманы ратификациялау БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің құзыретін мойындауға мүмкіндік береді. Яғни, Конвенцияда кепілдік берілген құқықтардың бұзылу деректері бойынша мүгедектігі бар адамдардың хабарларын (шағымдарын) қабылдау және қарау құзыреті ескерілген.

Қазақстан Республикасының Факультативтік хаттамаға қосылуы мүгедектігі бар адамдарға өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауға құқық береді.

«Елімізде мүгедекті бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік саясат жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда ерекше сұраныстары бар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын институттарды және тетіктерді жетілдіру басты міндеттердің бірі. Бүгін қабылданған заң осы жолда жасалған маңызды қадам. Бұл хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті арқылы мүгедектігі бар адамдардың шағымдарын қарау үшін құқықтық негіз орнатады. Алдағы уақытта заң мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға өз үлесін қосады деп сенеміз», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар