Сенат меморган басшыларының жауапкершілігін күшейтетін заңды қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына ҚР әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы реттелетін салаларда шешімдер қабылдау кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мен жеделдігін арттыру арқылы мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру жөніндегі әкімшілік реформаны іске асыру мақсатында әзірленді.

Сонымен қатар палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылдады.

Нақты айтқанда, Үкіметтің құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асыру, мәдениетті, білім беруді, денсаулық сақтауды, туризм мен спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру, сондай-ақ, Премьер-Министр Кеңсесінің Үкімет аппаратына айналуына байланысты және тағы басқа құзыреттері алынып тасталады. Заң арқылы орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған 21 функция беріледі.

Депутаттардың айтуынша, қабылданған заңдар реттелетін салаларда шешім қабылдауда орталық мемлекеттік органдардың икемділігін, жеделдігін және дербестігін арттыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы мемлекеттік басқарудың дербестігі және мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігі күшейтіледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Еске салайық, жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі» мемлекеттік мекемесі «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.


Соңғы жаңалықтар