Сенат Қылмыстық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қылмыстық кодекс жобасы заман талабына сай, тәжірибеде сыннан өткен қылмыстық-құқықтық институттарды сақтай әрі тұлғаны, қоғамды және мемлекетті тиімді қорғау үшін тиісінше жаңалай отырып әзірленген болатын. Кодекс жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы ережелерін іске асырады.

Бұдан бөлек, кодекс бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды кеңейтеді. Бұнымен қоса, ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шараларды қатаңдатады.

Жалпы кодекс жобасында, қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың басқа да санаттарына қылмыстық саясатты ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған, криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатаңдатылды, ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделеді.

«Жаңа жобада компьтерлік киберқылмыстарға, оның ішінде хакерлікке қатысты да тың нормаларды қамтиды. Террористік және экстремистік қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыру да ұсынылды. Атап айтқанда, ондай қылмыскерлерге шартты түрде мерзімінен бұрын босату көзделмейтін болды»,- деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель.

Оның айтуынша, медициналық қылмыстар туралы, оның ішінде жалған дәрілік заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылық туралы арнайы бап енгізілген. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық та қатаяды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға белгілі бір қызметтерді атқаруға өмір бойына тыйым салу көзделеді, пара алғаны үшін санкциялар күшейтіледі. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін санкция күшейеді. Жас балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін сотталғандар балалармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылады.

Соңғы жаңалықтар