Сенат: Қылмыстық кодекс жобасы Мәжіліске қайтарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің жобасын екінші оқылымда талқылады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен кодекс жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Еске салайық, Қылмыстық кодекс жобасы заман талабына сай, тәжірибеде сыннан өткен қылмыстық-құқықтық институттарды сақтай әрі тұлғаны, қоғамды және мемлекетті тиімді қорғау үшін тиісінше жаңалай отырып әзірленген болатын. Кодекс жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы ережелерін іске асырады.

Жалпы, кодекс жобасында бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстаным кеңейтіледі. Бұнымен қоса, ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шараларды қатаңдатады. Айталық, қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың басқа да санаттарына қылмыстық саясатты ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған, криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатаңдатылды, ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделеді.

Жаңа жобада компьтерлік киберқылмыстарға, оның ішінде хакерлікке қатысты да тың нормаларды қамтиды. Террористік және экстремистік қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыру да ұсынылды. Атап айтқанда, ондай қылмыскерлерге шартты түрде мерзімінен бұрын босату көзделмейтін болды. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық та қатаяды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға белгілі бір қызметтерді атқаруға өмір бойына тыйым салу көзделеді, пара алғаны үшін санкциялар күшейтіледі. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін санкция күшейеді. Жас балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін сотталғандар балалармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылады.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында сенаторлар бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мақсатында санкциялардан қосымша жаза түрі ретіндегі мүлікті тәркілеу алып тасталады. Сонымен қатар, Сенат кодекс жобасын екі жаңа баппен толықтырып отыр. Бұдан бөлек, жоғары палата депутаттары бірқатар редакциялық нақтылау сипатындағы түзетулерді ұсынған болатын. Кодекс жобасының мемлекеттік тілдегі мәтініне қатысты да ұсыныстар енгізілді.

Құжат Мәжілісте қаралатын болады.

Соңғы жаңалықтар