Сенат құрамы жаңартылды: Палата спикері мен тұрақты комитеттер бекітілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенат отырысында депутаттардың алдында сөз сөйлеп, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Осы орайда Президент жуырда жоғары палата депутаттарының бір бөлігі сайланғанына және өзінің Жарлығымен бірнеше сенатор тағайындалғанын еске салды.

Мемлекет басшысы осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталғанын атап өтті. Сенат депутаттарының арасында әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді.

Осылайша, Сенат түрлі санаттағы қоғам өкілдерін барынша қамтыды.

«Бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түскенін айтып, бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастыратынын айтты. Сондай-ақ елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі.

Мемлекет басшысы басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру екенін еске салып, ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан жақында ғана басталған Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы екенін жеткізді.

«Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан алғанда Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшудің мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет жаңа партиялар ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам. Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс», – деді Президент.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент саясаткерлердің жаңа буынын қалыптастырып, оларды елге таныту аса маңызды іс екенін айтты.

«Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек екенін атап өтіп, үміткерлерді қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болуға шақырды.

Атап айтқанда, бүгінгі отырыс барысында Президент Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.

Фото: gov.kz

«Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Сенат төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан оны Сенат төрағалығына лайық деп санаймын. Сенаттың қызметі табысты болсын», – деді Президент.

Жасырын дауыс беру нәтижесінде Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды.

Фото: t.me/aqorda_resmi

«Бүгінгі палата отырысына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы келіп қатысты. Конституцияға сәйкес, Президентіміз Сенат төрағасы қызметіне кандидатураны ұсынып, маған зор сенім білдірді. Бұл - мен үшін үлкен жауапкершілік. Сіздер Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, дауыс бердіңіздер. Сол үшін өздеріңізге алғысымды білдіре отырып, Президентіміздің және халықтың сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын деп сендіргім келеді», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Президент Парламенттің алдына жаңа міндеттер қойғанын еске салды.

«Президент біздің алдымызға нақты мақсаттар қойып отыр. Шын мәнінде, атқаратын жұмыс аз емес. Әсіресе, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Осы жолда бәріміз бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін», - деді Сенат спикері.

Сенаторлар ант қабылдады

Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жаңартылған құраммен Палата отырысы өтті. Отырыс барысында сенаторлар ант қабылдады, Сенат төрағасының орынбасары сайланды, тұрақты комитеттердің саны мен атаулары бекітілді және олардың төрағалары мен мүшелері сайланды.

Фото:senate.parlam.kz

Атап айтқанда, Сенат спикерінің ұсынуымен депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде сенатор Жақып Асанов Палата төрағасының орынбасары болып сайланды.

Фото: gov.kz

Отырыс барысында Сенаттың жаңа депутаттары ант қабылдады.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін»,- делінген анттың мәтінінде.

Ант қабылдаған Сенаторлар арасында Бибігүл Жексенбай, Талғат Жүнісов, Мұрат Қадырбек, Гүлмира Кәрімова, Әлібек Нәутиев, Нурия Ниязова, Амангелді Нұғманов, Ғауез Нұрмұхамбетов, Бекбол Орынбасаров, Руслан Рүстемов, Алишер Сатвалдиев, Қайрат Тастекеев, Арман Өтеғұлов, Серік Өтешев, Сәкен Арубаев, Жанна Асанова, Ернұр Әйткенов, Евгений Больгерт, Шәкәрім Бұқтұғұтов бар.

Сонымен қатар, Сенат Регламентіне сәйкес, тұрақты комитеттердің төрағалары мен мүшелері сайланды. Сондай-ақ олардың саны мен атаулары бекітілді.

Депутаттардың дауыс беру нәтижесі бойынша:

Андрей Лукин – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы;

Фото: senate.parlam.kz

Сұлтанбек Мәкежанов – Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы;

Фото: almaty.tv

Асқар Шәкіров – Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы;

Фото:wikipedia.org

Сүйіндік Алдашев – Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы;

Фото: senate.parlam.kz

Нұртөре Жүсіп – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы;

Фото: senate.parlam.kz

Әли Бектаев – Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып сайланды.

Басты фото: t.me/aqorda_resmi
Соңғы жаңалықтар