Сенат құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңға өзгерістер енгізді

None
None
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Аталған құжат құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жол-көлік оқиғаларын және сол оқиғаларда зардап шеккен адамдарды арнайы есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ прокурорлық қадағалаудың барлық актілерін шығару жөніндегі өкілеттіктерді береді. Сонымен қатар, құжат Үкімет басшысының тапсырмасына орай әзірленіп отыр. Атап айтқанда, Премьер-Министр бұндай міндетті 2009 жылғы Бас прокуратура тарапынан жол-көлік оқиғалары қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жасалған тексерістер нәтижесіне орай берген болатын. Еске салсақ, 2009 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде ведомстволық статистикалық көрсеткіштерде айтарлықтай алшақтық анықталған болатын. Мәселен, ішкі істер органдары мен Денсаулық сақтау министрлігі мен Статистика агенттіктерінің жол-көлік оқиғасына қатысты тіркеген мәліметтері әртүрлі. Атап айтқанда, жол полициясының мәліметтеріне сәйкес 2009 жылы 12,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, тексерістер нәтижесінде бұның 53 мыңнан асқандығы анықталды. Бұндағы айырмашылық 4 есеге дейін артқан. Ал жол апаттары кезінде 2 мың 890 адам өлімі фактісі тіркелген болса, нақтылағанда ондай оқиғалардан 3 мың 67 азаматтың ажал құшқаны анықталып отыр. Сол секілді жол оқиғаларынан 14 мың 700 адам жарақат алған болса, денсаулық сақтау мекемелерінде 20 мыңнан астам жарақат алушылар тіркелген.

Осыған орай, қабылданған заң арқылы құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шеккен адамдардың есебін жүргізу бойынша өкілеттіктер беру көзделеді.

Соңғы жаңалықтар