Сенат көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері туралы құжатты Мәжіліске қайтарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған құжат аясында сыртқы жарнамалардың қазақ тілінде дұрыс жазылуына екпін қойылып отыр.

«Бүгін қаралған заң жобасы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатымен көрнекі ақпаратты жазуға қойылатын талаптарды нақтылайды. Бұл көлік және сауда саласында, дәрі-дәрмектер мен медициналық заттарды таңбалауға, пошта қызметтерін көрсетуге қатысты. Сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық бірліктердің тарихи қалыптасқан атауларының жазылуына қойылатын талаптарды белгілейді. Заң жобасы діни бостандық саласындағы өзгерістерді де қарастырады. Бұл ретте сенаторлар құжатқа ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуге және діни іс-шаралар өткізу тәртібін жеңілдетуге арналған бірқатар маңызды өзгерістер енгізді. Бұл түзетулерге халықаралық сарапшылар оң баға берді», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Заң жобасы:

- көрнекі ақпараттардың дұрыс емес рәсімделуіне, мәтіндердің бір тілде ғана орналастырылуына, дұрыс аударылмауына қатысты тиісті талаптардың бұзылуының алдын алу, қоғамда тіл саясатына қатысты оң көзқарас қалыптастыру;

- конфессияаралық келісім және өзара іс-қимыл жасау үшін қолайлы жағдайлар туғызу;

- дін саласында жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында әзірленіп отыр.

Сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғаннан кейін, Комитетпен талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына келесі мәселелер бойынша өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады:

- «діни мазмұндағы ақпараттық материал» терминінің редакциясын нақтылау, мағыналық және құқықтық жүктеменің болмауына байланысты анықтамадан «мәтіндік сілтемелерді қоса алғанда» деген сөздерді алып тастау;

- «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру параметрлерін анықтау;

- ғибадат үйлерінен (ғимараттардан) тыс өткізілетін діни іс-шараларды алдын ала хабарлама беру немесе бермеуі бойынша нақтылау, сәйкесінше ғибадат ету орындарында, зираттар мен крематорийлерде, тұрғын үйлерде, қоғамдық тамақтану объектілерінде жүргізілетін діни іс-шаралар хабарланбайтын болады, өйткені олар заңнамаға сәйкес кедергісіз жүргізілуге тиіс;

- діни бірлестіктердің ғибадат үйлерінен (ғимараттардан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарлама беру рәсімін жеңілдету.

«Атап айтқанда, хабарлама беру тәртібінен қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге, медициналық көмекті және өзге де қажетті көмекті ұйымдастыруға жәрдемдесу шаралары бойынша талаптарды, автомобиль көлігі құралдарын пайдалануда олардың санаттарына, бағыттың ұзындығына, басталу және аяқталу орнын қоса алғанда, олардың жүру бағытына қатысты талаптарды және діни бірлестік басшысының хабарламада көрсетілген ақпараттың толықтығы бойынша жауаптылығына қатысты талаптарды алып тастау сынды жеңілдету шаралары ұсынылады», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар