Сенат комитеті мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салатын конвенцияны талқылады

None
None
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Онда депутаттар «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Аталған Конвенцияның мақсаттары үшін әрбір мемлекет археология, тарихқа дейінгі кезең, тарих, әдебиет, өнер және ғылым үшін маңызы бар деп қарайтын діни немесе зайырлы сипаттағы құндылықтар мәдени құндылықтар болып саналады және сол құндылықтар бірқатар санаттарға жіктелетін болады. Атап айтқанда, мәдени құндылықтарға сирек кездесетін флора мен фауна үлгілері, ірі тарихи оқиға мен белгілі адамдарға қатысты затттар, археология жаңалықтары, сирек қолжазбалар, көне кітаптар мен пошта маркалары, сондай-ақ жасалғанынан 100 жылдан астам уақыт өткен тиындар, мөрлер, жиһаздар т.б. заттар жатады.

Конвенцияға қосылу Қазақстан үшін аса қажет. Біріншіден, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағына мүше мемлекеттер ортақ экономикалық кеңістікке енеді. Бұл ретте Беларусь пен Ресей Конвенцияға әлдеқашан мүше болып үлгерген. Осыны ескеретін болсақ, аталған мәселені Қазақстан тарапынан ертерек біріздендіру қажет. Бұған қоса ТМД елдерінің ортақ мәдени кеңістігінде орналасқандығын еске салсақ, Қазақстан осынау халықаралық құжаттан шет қалмауы шарт. Екіншіден, мемлекеттердің мүддесіне жауап беретін халықаралық құжатқа қосылу өркениеттіліктің белгісі. Бұл еліміздің имиджіне оң әсер етеді әрі Қазақстанның мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға мол мүмкіндік тудырды. Үшіншіден, Конвенция осы салаға қажетті кадрларды даярлауға, мәдени құндылықтарды әкелу мен әкету мәселесін реттейтін арнайы қызметтерді құруға септігін тигізеді.

Бұдан бөлек, құжат мәдени құндылықтарды ұрлаудан қорғау бойынша мүше мемлекеттерге түрлі шараларды да жүктейді. Мәселен, конвенцияға сәйкес мүше мемлекеттер ұрланған мәдени құндылықтарды елге кіргізбеуі, мәдени құндылығы ұрланған мемлекетке ол жайында ақпарат беруі және оларды өз аумағында орналасқан мұражайлардың қабылдауына жол бермеуі тиіс. Бұл барлық мемлекеттер үшін мәдени құндылықтарды қорғау саласындағы ең өзекті мәселе болып табылады.

Сонымен бірге, заңсыз археология жұмыстарына бақылауды күшейту Конвенцияның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Конвенцияны 1970 жылы 14 қарашада Париж қаласында ЮНЕСКО қабылдаған. Бүгінгі таңда бұған дүние жүзіндегі 119 мемлекет қосылып отыр. Оның ішінде Кеңес Одағы республикаларының барлығы дерлік қосылған. Түркіменстан мен Қазақстан, Латвия ғана әлі қосылмай отыр.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болып келісілді.

Соңғы жаңалықтар