Сенат комитеті балық шаруашылығына арналған заң жобасын талқылады

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

 Басқосуда комитет депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасының мақсаты  балық ресурстарын  тиімді пайдалану және қорғауды қамтамасыз етудегі құқықтық тетіктерді жетілдіру болып табылады. Атап айтқанда, жоба бойынша балық шаруашылығы тоғандарын тауарлы балық шаруашылығына айналдыру үдерісінің талаптары бекітіледі. Бұдан басқа, заң жобасында  балық аулау түрлерінің тізімін кеңейту, пайдаланылатын шалшық‑сулар туралы Рамсар конвенциясын жүзеге асыру шараларын қамту көзделеді.  Тоқтала кететін  жайт, Рамсар конвенциясы 1971 жылдың ақпанында Иран елінің Рамсар қаласында қабылданған болатын. Бұл құжат экожүйенің бір ғана түріне толықтай арналған алғашқы дүниежүзілік халықаралық келісім құжаты болып табылады. Бүгінгі күні осы келісімге әлемнің 150‑ге тарта мемлекеті қатысады.

 Сонымен бірге, заң жобасында  табиғи ортадан ауланған балықтың бекіре тұқымдас түрлеріне, оларды өңдеп уылдырығын экспорттау мен ішкі нарықта жаппай саудалауға қатысты  мемлекеттік монополия енгізу нормасы қарастырылып отыр.

 Сенат комитеті аталған заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар