Сенат комитеті азық‑түлік қауіпсіздігіне қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын талқылады

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылым бойынша талқыланды,

 деп хабарлайды.

Аталған заң жобасының мақсаты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаларды жетілдіру болып табылады. Осыған орай, заң жобасымен еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Астық туралы», «Тұқым шаруашылығы туралы», «Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» қолданыстағы  заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Заң жобасы бойынша еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударып, бұл бағыттың басымдығын ескере отырып, оны ұлттық қауіпсіздік тұрғысында қарастыру шарасы қамтылып отыр. Атап айтқанда, құжатта азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қарастырылады. Осыған орай, қолданыстағы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға «азық-түлік қауіпсіздігі» туралы ұғым енгізіледі және тәуелсіз мемлекеттің азық-түлігін сақтау үшін отандық агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту ұлттық мүдделер тізіміне енгізілетін болды. Сондай-ақ «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» қосымша тарау ретінде енгізіледі.

«Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңға ішкі азық-түлік ресурстарына қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардағы жергілікті атқарушы органдарының азық-түлік қауіпсіздігінің ахуалына міндетті түрде мониторинг жүргізу құзіреті заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Бұдан басқа, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тұрақтандыру ресурстарын қалыптастыру ережелеріне сәйкес, астықтың мемлекеттік ресурстарынан басқа ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлеуметтік маңызды ресурстары қалыптастырылатын болады.

Комитет депутаттары заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар