Сенат комитеті Азаматтық процестік кодекс жобасын талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Онда Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жобасы талқыланды. Кодекс жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.

Жаңа редакциядағы кодекс Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасын iске асыру мақсатында және Мемлекет басшысының судьялардың VI съезiнде қойған міндеттерін орындау үшiн әзiрленген.

Құжат азаматтық-процестiк заңнаманың жеделдiгiн арттыруды, сот iсiн жүргiзуде бiтiстiру рәсiмдерiн белсендi қолдану үшiн оны жаңғырту арқылы жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Тұтастай алғанда, кодекстiң ережелерi азаматтардың, мемлекеттiң және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн қорғауды қарастырады. Ондай мүдделерді қалпына келтiру туралы азаматтық сот iсiн жүргiзу талаптарын орындауға, заңдылықты сақтауға, қоғамның заң мен сотқа кадiр-құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталады.

Сонымен қатар азаматтық процесте адвокатураның рөлi күшейiп, медиация институтын кеңiнен қолдану да көзделіп отыр. Бұдан бөлек, істерге адвокаттардың қатысуымен бiтiстiрудiң жаңа тәсiлi ретінде «дауды партисипативтiк рәсiммен қарау» енгiзiлмекші. Бұл дауға қатысушыларға келiссөздердi адвокаттардың белсендi қатысуы арқылы өткiзу мүмкiндiгiн қамтитын болады.

Соңғы жаңалықтар