Сенат Қазақстанның шикізат емес өнімдеріне қатысты құжатты мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге 2021 жылғы 22 қарашада қол қойылды.

«Осы Келісімге қол қою Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабында ескерілген. Келісім мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасындағы ЕАЭО-ның техникалық регламенттері қолданылатын өнімге қатысты кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды. Осыған дейін ЕАЭО-ның 52 техникалық регламенті қабылданды, оның 46-сы күшіне енді», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, келісімді қабылдау ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануға жағдай жасайды.

«Сондай-ақ келісімде мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалылығы қамтамасыз етілуі тиіс екендігі көзделген. Ұсынылған тәсіл отандық өнімді ілгерілетуге бағытталған», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстан мен үшінші елдер арасындағы шикізаттық емес өнімдер бойынша тауар айналымы 2022 жылғы 48,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 33,5%-ға жоғары (36,4 млрд АҚШ доллары).

Қазақстаннан үшінші елдерге шикізаттық емес тауарлардың экспорты 2022 жылы 24,8%-ға өсіп, 18,9 млрд АҚШ долларын құрады. Өңделген тауарлар бойынша Қазақстан Республикасының негізгі экспорттық елдері ретінде Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланды тіркелді.

«Алдын ала болжамдар бойынша үшінші елдерге экспорттың үлесі, оның ішінде Келісімнің қабылдауына және оны одан әрі іске асыруға байланысты 10%-ға артуы мүмкін. Келісімде қолданыстағы заңнаманың талаптары ескерілген, осыған байланысты оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар