Сенат: Қазақстан мен Жапония арасындағы инвестицияларды қорғауға бағытталған құжат қаралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Экономикалық саясаты, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Еске салайық, аталған келісімге 2014 жылдың 23-і қазанында Астанада Қазақстан мен Жапония Экономикалық ынтымақтастық және үкіметтік-жеке секторларының бірлескен комиссияның бесінші отырысында қол қойылған болатын. Дегенмен, бұл құжатқа қол қою үшін тараптар 18 жыл келіссөздер жүргізді.

Тұтастай алғанда, екі ел арасындағы келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға, инвестицияларды өзара қорғауға және екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған. Бұл ретте құжатты жүзеге асыру үшін тараптар бірлескен комиссия құратын болады. Бірлескен комиссия функциясына келісімді атқару және жүзеге асыру туралы ақпарат алмасу, сонымен қатар, инвестициямен байланысты басқа да мәселелерді талқылау кіреді. Бұл өз кезегінде тараптардың арасында инвесторлар үшін жағымды ахуал құруға септігін тигізбек.

Айта кетейік, мәліметтерге қарағанда, 2005 жылдан бері Жапониядан Қазақстанға 4,5 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған. Ал елімізде Қазақстан-Жапон бизнесінің қатысуымен 50-ден астам бірлескен компания жұмыс істейді.

Заң жобасы палатаның алдағы жалпы отырысына шығарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар