Сенат Каспийдің құқықтық мәртебесіне қатысты Заңды қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Cенатының жалпы отырысында «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конвенцияға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан Президенттері қол қойған болатын.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің Конституциясы» деп атаған бұл құжат жағалау мемлекеттері арасындағы 20 жылдан астам уақытқа созылған күрделі келіссөздер процесінің нәтижесі болып отыр. Каспий келлісөздері аясында жоғары деңгейде бес кездесу, сыртқы істер министрлерінің 7 отырысы, Конвенцияны әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобының 52 отырысы, сондай-ақ әртүрлі форматтарда да кездесулер өтті», - деді Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, Каспий теңізінің құқықтық мәтербесінің реттелуі көптеген жылдар бойы жағалаумаңы мемлекеттері сыртқы саясатының стратегиялық бағыттарының арасында негізгілерінің бірі болды.

«1997 жылы Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты өзінің ұстанымын БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде жариялады. Тарих көрсетіп отырғандай, еліміз 20 жыл бұрын мәлімдеген тәсілдемелер дұрыс және олар барлық жағалау мемлекеттері үшін неғұрлым оңтайлы екені дәлелденді. Міне, сол ұстанымдар 2018 жылы Ақтау қаласында қол қойылған конвенцияда көрініс тауып отыр», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша мәселелер тараптардың айрықша құзыретіне жатады.

Мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күш немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау секілді қағидалар негізінде жүзеге асыралатын болады. Каспий теңізінің акваториясы әртүрлі құқықтық режімдерде болатын ішкі сулар, аумақтық сулар, балық аулау аймақтары және ортақ су кеңістігі белгіленді. Аумақтық сулар ені 15 теңіз милінен аспайды. Ал олардың сыртқы сулары теңіздегі мемлекеттік шекаралар болып бекітілді.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конвенция өте маңызды құжат екенін атап өтті.

«Расында да бұл өте маңызды құжат. Сыртқы істер министрлігі 20 жыл бойы келіссөздер жүргізді. Осы орайда 5 мемлекет оң нәтижеге қол жеткізді. Сондықтан бұны тарихи оқиға деп еш күмәнсіз айтуға болады», - деді Қ. Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар