Сенат электр энергетикасының тиімділігін арттыруға арналған құжатты қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов оның негізгі тұжырымдамалық жаңалықтарын түсіндірді.

«Қазіргі кезде елімізде электр қуатының профициті бар, ол 2019 жылдың қорытындысымен шамамен 3000 МВт құрайды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта маневрлік қуаттар тапшылығы байқалады. Тәуліктің кешкі уақытында жоғарылауына және түнгі уақыттарда төмендеуіне байланысты электр энергиясын біркелкі тұтынбау электр станцияларының жедел ауыспалы жұмысын талап етеді

Осыған байланысты заң жобасында генерацияның маневрлік режимі бар қуаттарды салу үшін тартымды жағдайлар жасау ұсынылады. Бұл өз мүмкіндіктерінің есебінен өндіріс-тұтыну теңгерімсіздіктерін реттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жобаларды іріктеудің аукциондық тетігі қолданылатын болады», - деді Ш. Өтемісов.

Ұсынылып отырған заң жобасында әлеуетті инвесторларды ынталандыратын келесі нормалар бар:

Біріншіден, аукциондық сауда-саттық жеңімпазы бірыңғай сатып алушымен (қаржы-есеп айырысу орталығы) 15 жылдық келісімшарт жасасады. Екіншіден, бұл инвестордан аталған қызмет кепілді түрде сатып алынатынын білдіреді. Үшіншіден, электр станциясының қуатын реттеу қызметі үшін қосымша табыс алынады. Төртіншіден, аукциондық сауда-саттық іріктеу тетігінің ашықтығын қамтамасыз ететін болады, бұл инвестор үшін де өте тартымды. Бесіншіден, әкімдіктер жер телімін өздері ұсынып, станцияны жүйеге қосуды қамтамасыз етеді.

«Ұсынылып отырған шаралар іске асырылған жағдайда Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің сыртқы көздерге тәуелділігі төмендейді. Сонымен қатар, реттеу бойынша көрсетілетін қызмет үшін бүгінгі таңда Ресейге кетіп жатқан қаржы қаражаты елімізде қалады. Ал бұл жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңге», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, екінші тұжырымдамалық жаңалық жаңартылатын энергия көздерін қолдауға «өтпелі тарифті» белгілеуге байланысты.

«Қолданыстағы «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес, жаңартылатын энергия көздері өндірген электр энергиясын «КЕГОК» АҚ-ға қарайтын қаржы-есеп айырысу орталығынан сатып алуға жұмсалатын шығындар дәстүрлі станциялардың электр энергиясына арналған шекті тарифтерге қосылған.

Жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясы көлемінің жыл сайын ұлғаюын ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдардың өзіндік дамуға бағыттайтын қаражат көлемінің тұрақты төмендеуі орын алуда. Бұл материалдық-техникалық базаның жай-күйіне, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға, дәстүрлі станциялардың қаржылық жағдайына теріс әсер етеді. Осыған байланысты, заң жобасында «жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы» ұғымы көзделген, ол шекті тарифтен тыс ескерілетін болады», - деді Ш. Өтемісов.


Соңғы жаңалықтар