Сенат ЕЭК кадр құрамына қатысты заң қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігіне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында Еуразиялық экономикалық комиссияның лауазымды тұлғаларының еңбек шарттарының мерзімін өзгерту, мүше мемлекеттің комиссияға жұмыс істеуге түсуге ниет білдірген кандидаттарды ұлттық іріктеуді жүргізу мүмкіндігі, қызметкерлерді мерзімі шектелмеген уақыттан 5 жылдық келісімшарттарға ауыстыру, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді өтпелі мерзімдерге ауыстыру бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа түзетулер көзделген», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, комиссияның лауазымды адамдарымен (департамент директорлары мен олардың орынбасарлары) жасалатын еңбек шарттарының мерзімін 4 жылдан бастап комиссия алқасының жұмыс мерзімінен аспайтын мерзімге өзгерту ескерілген. Қазіргі кезде комиссияның лауазымды қызметкерлерінің жұмыс кезеңі комиссия алқасының кезекті құрамының жұмыс кезеңіне байланыстырылмаған.

«Бұл жағдай 4 жылдық келісімшарт мерзімінің аяқталуына орай директор немесе директордың орынбасарлары комиссия алқасының жаңа мүшесінің алдына қойған міндеттерін орындауға үлгермеген кезде, комиссияның жұмысында қиындықтар туғызады. Бұл ретте жаңа лауазымды тұлғаларды тағайындау, сондай-ақ бұрын жүргізілген жұмысқа толыққанды тарту белгілі бір уақытты алады. Осы норма комиссия алқасының жаңа құрамының келуімен комиссияның лауазымдық деңгейін бір мезгілде жаңартуға мүмкіндік береді» - деді министр.

Атап айтқанда, комиссия қызметкерлерін мерзімсіз еңбек шарттарынан 5 жылдық шартқа ауыстыру қарастырылған. Бұл тұрғыда аттестаттау нәтижелерін ескере отырып, алқаның жетекшілік ететін мүшесінің ұсынуы бойынша аталған мерзімді ұзарту мүмкіндігі болады.

«Қазіргі кезде комиссия қызметкерлерінің еңбек шарттарында комиссиядағы еңбек қызметінің келісімшартын аяқтаудың қандай да бір мерзімдері көзделмеген. Осы норманы іске асыру комиссияның кадрлық құрамын жаңартуға, оның ішінде Қазақстанның өкілдігін күшейтуге, сондай-ақ Қазақстан өкілдерін комиссияда ротациялауды жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Серік Жұманғарин.

Оның пайымынша, заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.


Соңғы жаңалықтар