Сенат ЕАЭО және Қытаймен тауар айналымын арттыруға негізделген заң қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Қытай арасындағы өзара сауданы жақсартуға жағдай жасайды. Бұл құжат өзара саудада кедендік баждарды жоюды және төмендетуді көздемейді.

«Келісімнің ережелері өзара саудада қолданылатын техникалық реттеу рәсімдерін, санитариялық және фитосанитариялық шараларды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ онда кедендік ынтымақтастық, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері қамтылған. Ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану және берілетін субсидиялар туралы ақпарат алмасу көзделген. Келісімде электрондық сауда саласында тұтынушылардың құқықтарын және олардың дербес деректерін қорғау көзделеді. Тараптар өзара сауданы шектеуі мүмкін шаралар туралы хабарламалармен алдын ала алмасуға уағдаласты», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда, ЕАЭО мемлекеттері мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қарқын беру мақсатында салалық ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, өнеркәсіптік кооперация, технологиялар мен инновациялар, қаржы және қоршаған орта. Осы бағыттарда ынтымақтастықты тереңдету елдердің инновациялық белсенділігін, инвестициялық тартымдылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Келісім бойынша тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес жоспарланып отырған сауданы реттеу шаралары туралы ақпаратты жариялайды. Бұл сұраулар жіберуге және консультациялар жүргізуге мүмкіндік береді. Қытай Қазақстан үшін маңызды сауда әріптестерінің бірі. Сондықтан шарттық базаны дамыту елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді, теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар