Сенат ЕАЭО туралы шартқа түзетулер енгізу туралы Заңды қарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қырғызстан 2014 жылы 23 желтоқсанда қол қойылған Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шарт шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылды. Оны одаққа мүше барлық мемлекеттер ратификациялады және 2015 жылы 12 тамызда Қырғызстан одақтың толық құқылы мүшесі болды. Одаққа мүше мемлекеттердің аумағы бойынша Қырғызстан тарапынан электр энергиясын мемлекетаралық беру өзара қарым-қатынастарын реттеу шеңберінде хаттама әзірленді. Оның мақсаты Қырғыз Республикасының шартқа қосылуына байланысты одақ елдері арасында электр энергиясын мемлекетаралық беруді жүзеге асыру әдіснамасын айқындау болып табылады», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов Сенаттың бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, хаттама жобасы 2017 жылы 13 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің өкімімен мақұлданған. Хаттаманы ратификациялау, баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілері қызметтеріне қол жеткізу туралы хаттамаға Қырғыз Республикасының қосылуын ескере отырып, одаққа мүше мемлекеттердің энергия желілерінің тиімді жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, вице-министр Қырғызстанда электр энергиясын импорттау қажеттілігі ондағы су электр станциялары орналасқан өзендердегі ағынның азаюына байланысты туындағанын түсіндірді.

«Хаттаманы Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей елдері ратификациялайды. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқпайды. Мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді», - деді вице-министрі.


Соңғы жаңалықтар