Сенат дінаралық V съезд туралы кітап шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламентінің Сенаты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында 10-11 маусым күндері өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің материалдары жинақталған кітап-альбом шығарды.

Оқырмандар назарына ұсынылған бұл басылымға «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогі» тақырыбымен өткен Съезге қатысқан әлемге танымал діни және саяси қайраткерлердің сөздері енгізілді. Әлемдік конфессиялардың жетекші өкілдерімен қатар форумға БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі ІІ Абдалла, Финляндия Президенті Саули Нийнистё, ЕҚЫҰ, БҰҰ Өркениеттер альянсы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Ғылым, білім және мәдениет мәселелері бойынша ислам ұйымының (ИСЕСКО) жетекшілері, БАҚ, діни және қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан болатын. Қорытынды Декларациямен қоса Съез материалдарының толық жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріліп отыр.

«Саясаткерлер мен діни лидерлердің жаңа үлгіде пікір алмасу қажеттілігінің бұрыннан туындағаны сөз сөйлеушілердің ой-толғамдарынан анық байқалды. Президент Н. Назарбаев дін және саясат диалогін орнату бастамасын көтерді. Өйткені қазіргі өркениетті қоғам конфессияаралық және діни-зайырлы қарым-қатынастардың сын-қатерлеріне тиісті жауап қайтара алатын жағдайда емес», - деп атап өтті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев оқырмандарға арналған алғысөзінде. «Астанадағы діни саммит мемлекеттік қайраткерлер мен діни лидерлердің қазіргі заманның ең өткір мәселелері бойынша ортақ пікірлерін анықтауға мүмкіндік берді. Осы жиында тоғысқан ұстанымдар форумның 12 жылдық тарихында ғана емес, қанды қақтығыстарды реттеуге арналған көптеген халықаралық іс-шаралардың теңдессіз құжатына айналған қорытынды декларациядан көрініс тапты», - деді Қ.Тоқаев кітап оқырмандарға арналған сөзінде. Сенат Төрағасының айтуынша, «Съезге қатысушылар өз сөздерінде радикализммен тек күш қолдану арқылы күрес жүргізудің мүмкін еместігін, бірінші кезекте ағартушылық, жоғары діни сауаттылық, жастарды белсенді әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірге тарту жұмыстары атқарылуы қажеттігін алға тартты».

Қ.Тоқаев форумның ашылуында Елбасы әлемдегі миллиардтаған адамдардың үрейі мен үмітін айқындаған «бес үндеуді» тұжырымдап, ұсынғанын еске салды. Қазақстан басшысының идеялары мен ұсыныстары Съезд қатысушылары тарапынан толықтай қолдауға ие болып, форумның декларациясына енгізілді. Бұл тұжырымдарда әскери қақтығыстарды тоқтатып, бітімге келу, саяси текетірестерді күш қолдану арқылы шешу жолдарынан бас тарту, ірі мемлекеттер арасындағы сенім алшақтығын қалпына келтіру сияқты ауқымды мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарын конфессия аралық алауыздық отын жағу мақсатына пайдалануды тоқтатуды талап етті. Сондай-ақ діни және саяси қайраткерлердің күшін біріктіріп, кедейшілік, аштық, індет, жұмыссыздық мәселелерін шешуге, техногендік және табиғи апаттарға қарсы күресуге шақырды.

«Діни лидерлердің съезі жаңа мазмұндық деңгейге көтерілді. Себебі рухани қайраткерлер тек Құдайға қызмет етіп, уағыздар айтумен шектелмей, өздерінің беделі арқасында адамзаттың аса күрделі мәселелерін шешу жұмыстарына да қатыса алады. Діни лидерлер декларацияны қабылдай отырып, оны іске асырудың моральдық жауапкершілігін өз мойындарына алды. Астанадағы діни саммиттің саяси мәні де осында», - деді Қ.Тоқаев. Төрағаның пікірінше, Қазақстан өз тарапынан әлемге төзімділік пен этномәдени әралуандықтың үлгісін паш ете отырып, жаһандық бейбітшілік пен даму жолындағы диалогті нығайтуға күш сала береді.

Басылымда пікірталастардың мазмұны мен Съезд қорытындыларын баяндап қана қоймай, Астанадағы кездесудің айрықша көңіл күйі әсерлі суреттермен берілді.

Кітап халықаралық саясат, дінаралық қатынас және мәдениеттердің өзара байланысы мәселелеріне қызығушылық білдіретін барша оқырмандар үшін пайдалы дүние болары даусыз.

Одан басқа, жүйеленген материалдар Съездің бұдан былайғы жұмысының негізі болып табылады. 2016 жылғы маусымға Съезд Хатшылығының кезекті отырысы жоспарланды, оның қарсаңында Астанада халықаралық парламентшілер, беделді діни қайраткерлер мен дінтанушы сарапшылар қатысатын «Дін терроризмге қарсы» халықаралық конференция өтеді.

Соңғы жаңалықтар