Сенат депутаты Qoldau.kz порталын мемлекет меншігіне алуды ұсынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Андрей Лукин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Qoldau.kz порталын мемлекет меншігіне алуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың сөзіне қарағанда, заң бойынша субсидия тағайындау туралы өтініштер беру қызметтері электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы тегін көрсетілуі керек. Алайда, аталмыш порталда әлі күнге дейін мұндай мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған бөлім жасалмаған.

«Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш беру мүмкіндігінің болмауына байланысты кәсіпкерлер Qoldau.kz сервисіне қол жеткізу үшін жыл сайын абоненттік төлем жасап келеді. Қазіргі уақытта аталған платформада 200 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері тіркелген, олар сервисті пайдалану мүмкіндігі үшін жыл сайын 2 млрд теңгеге жуық төлем төлеуге мәжбүр болып отыр», - деді Андрей Лукин.

Депутат осыған байланысты «Электрондық үкімет» веб-порталында тегін балама қызмет көрсетуді жасау, сондай-ақ Qoldau.kz ақпараттық жүйесін мемлекеттік меншікке ауыстыру мәселесін қарау туралы ұсынысын айтты.


Соңғы жаңалықтар