Сенат депутаты ауылдардағы су құбырларын түгендеуді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров өңірлерді дамытуға арналған Парламенттік тыңдауда халықты ауызсумен қамтудағы басты проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бағдарламалар халықты ауыз сумен толық қамту жөніндегі негізгі міндетті шешпегенін мойындауымыз қажет. Бүгінгі таңда тіпті қала халқы да осы негізгі қажеттілікпен толық қамтамасыз етілмеген.

Еліміздегі қала халқының 98%-дан астамы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізгеніне қарамастан, 9 өңірде (Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Астана және Шымкент қалалары) бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен төмен.

Бұл ретте, қамтамасыз ету деңгейі 100%-ға жететін өңірлерде де ауыз судың сапасы мен толық жетіспеуі дейтін проблема бар. Мысалы, Ақтау және Жезқазған сияқты қалаларда осы мәселе өзекті», - деді сенатор.

Депутаттың дерегінше, ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау деңгейі одан да нашар.

«Себебі 10 облыстың (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Жетісу және Абай облыстардың) ауылдарында ауызсуға қол жеткізу көрсеткіші орташа республикалық деңгейден төмен.

Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерде пайдаланушы қызметтердің болмауы және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының тозуы үлкен проблема болып тұр.

Салдарынан салынған су құбыры желілері әкімдік аппараттарының балансында қалады немесе міндеттемелерін орындамайтын бейінді емес кәсіпорындарға немесе ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беріледі», - деген Сенат депутаты ауылдық елді мекендердегі су құбыры желілеріне түгендеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

«Осыны ескере отырып, қысқа мерзімде пайдаланушы ұйымдар қызметінің оңтайлы механизмін анықтау керек деп санаймыз. Оларды бәсекелестік ортаға беру арқылы немесе коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жанынан бюджет қаражаты есебінен жасақталған пайдаланушы топтар құру арқылы шешуге болады.

Жағдайды толық білу үшін, өңірлерде, әсіресе ауылдық елді мекендерде су құбыры желілеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Серік Шайдаров.


Соңғы жаңалықтар