Сенат депутаты: Ата заң – еркіндігіміз бен елдігіміздің кепілі
2020 жылғы 30 тамыз 18:34

Сенат депутаты: Ата заң – еркіндігіміз бен елдігіміздің кепілі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Конституция бүгінде барлық Заң негіздерінің бастауы және адам құқығы мен бостандығының кепіліне айналды. ҚР Конституциясының 25 жылдығын орай ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды еркіндігіміз бен елдігіміздің кепілі болған Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл қазақстандықтардың тікелей дауыс беру арқылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Республика Конституциясына жиырма бес жыл толып отыр.

Бұл мерекенің маңызы зор, мәні терең.

Себебі, Ата Заң – бағыт алып, басшылық жасайтын темірқазығымыз. Конституция бүгінде барлық Заң негіздерінің бастауы және адам құқығы мен бостандығының кепіліне айналды.

Алайда, уақыт бір орнында тұрмай, заман талабына сәйкес өзгеріп отыратынына көзіміз жетті. Елімізді одан әрі саяси және экономикалық жаңғыртудың объективті қажеттілігі конституциялық өзгерістер жүргізуді талап етті»,-деді ол.

Сенатор 2017 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендігін, отандық ғалымдар, халықаралық сарапшылар «Үздік реформа» деп баға берген бұл реформа Президент, Парламент, Үкімет арасындағы билік өкілеттіктерін қайта бөлуді, елдегі ахуалға билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруды көздегендігін атап өтті.

«Конституциямызға енгізілген өзгерістер нәтижесінде халықаралық стандарттар мен мемлекеттік құрылыстың өз тәжірибелеріміз негізінде мемлекеттік билік жүйесін одан әрі демократияландыруды қамтамасыз етті.

Басты құжатымыз қолданысқа енгізілген сәттен бастап еліміз тұрақты даму жолына түсіп, әлемнің алпауыт елдерімен терезесін теңестірді.

Қоғамның өркендеуіне бағыт сілтеп, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Тұрақтылық пен берік бірлігіміздің нәтижесінде Қазақстан халқы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырды.

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп заңға бағынып, тәртібі түзу ел болуға шақырған.

Ата-бабаларымыз да Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын ұстанып, әз Тәукенің «Жеті жарғысына» бағынғанын тарихтан жақсы білеміз. Біз бабалар салған сара жолмен заң қағидаларын жадымызда ұстасақ, келешегіміз кемел болары анық.

Елбасымыз өз сөзінде «Біздің басты парызымыз Конституцияға ұқыпты қарап, өз елімізді, тарихымызды қалай құрметтесек, оны да солай құрметтеуіміз қажет» деген болатын. Сондықтан біз баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтауымыз керек»,-деді Әлімжан Құртаев.

Оның сөзінше, Қазақстанның әр азаматы елдің рәміздерімен бірге Конституциясын да ардақтап, қастерлеуі тиіс. Азаматтарымыз оны жаттап, өзін құқықтық тұрғыда сауатты, құқығы қорғалған мемлекеттің азаматы сезінуі тиіс.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT