Сенат депутаттарының сайлауы: Санитарлық нормалар қатаң сақталмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу кезінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша ұсынымдар бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ОСК отырысында науқан кезіндегі індеттің таралуына жол бермеу шаралары қаралды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау, санитарлық қауіпсіздік, сондай-ақ сайлау процесіне қатысушылардың денсаулығына алаңдаушылық тұрғысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен бірлесіп бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Өз кезегінде ҚР ОСК мүшесі Серік Сыдықов Сенат депутаттарын сайлау кезінде инфекцияның таралуын алдын алу бойынша ұсыныстар дайындалғанын, осы орайда тиісті қаулының жобасы бар екенін атап өтті.

«Бұл ұсыныстардың жобасы денсаулық сақтау министрлігіндегі мамандармен жан-жақты пысықталды. Ұсынымдар сайлау барысындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде, бірлескен отырыс өткізуде және дауыстарды санау кезінде сайлау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өңірлерде осы ұсыныстардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша толық мүмкіншіліктер бар. Осы орайда тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді С. Сыдықов.

Оның сөзіне қарағанда, дауыс беруге арналған пунктерде арнайы кабиналарда, басқа да техникалық жабдықтарды орналастыруда 1,5-2 метрлік арақашықтықты сақтау қарастырылған. Дауыс беру жәшіктерін ашудың алдында оларды антисептикалық құралдармен өңдеу қажеттігіне және сайлау процесіне қатысушылардың жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге баса назар аударылды.

«Дауыс беру орындарында медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру көзделген», - деді Серік Сыдықов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезеңінің қорытындылары қаралды.

2020 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша елімізде Сенат депутаттығына сайлау комиссиялары 58 кандидатты тіркеді. Орташа алғанда бір орынға үш үміткер бар.

Айта кетейік, 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі осы жылдың қазан айында аяқталады. Осылайша, 2020 жылдың 12 тамызында еліміздің жоғары заң шығарушы органы жоғары палатасына 17 өңірден бір-бір депутаттан сайлануы қажет.



Соңғы жаңалықтар