Сенат депутаттарының сайлауы: Күнтізбелік жоспар бекітілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін онлайн режимде ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында биылғы 12 тамызға белгіленген Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі ағымдағы жылдың қазан айында аяқталатынын атап өтті. Осылайша, 2020 жылдың 12 тамызында еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы жоғарғы палатасына 17 өңірден бір-бір депутаттан сайлануы қажет.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен жиырма күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталады және дауыс беру күнінің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады.

Орталық сайлау комиссиясы 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі мерзімде, яғни 2020 жылғы 14 қазанға дейін Сенаттың жаңадан сайланған депутаттарын тіркейді.

ҚР Конституциясына сәйкес, Сенатты Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды.

Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру кезінде таңдаушылар – мәслихат депутаттары сайлайды, оларды өз кезегінде жалпыға бірдей сайлауда Қазақстан Республикасының азаматтары сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл ретте, жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Орталық сайлау комиссиясы басшылық етеді. Тиісті аумақтық сайлау комиссиялары Парламент депутаттарының сайлауын өңірлерде дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар