Сенат депутаттары Маңғыстау облыстық мәслихатының сессиясына қатысты

None
None
АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Михаил Бортник пен Бақтыбай Шелпеков аймақтарға сапар барысында Маңғыстау облыстық мәслихатының сессиясына қатысты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Сессия соңында депутаттар аудан әкімдері мен мәслихат депутаттарымен кездесті. Әңгіме барысында аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары құрылыстарының сапасы мен тапсыру мерзімдері туралы мәселелер көтерілді.

Бұдан бөлек, сапар аясында Мұнайлы ауданында сенаторлар аудандық мәслихат депутаттарымен және «Нұр Отан» ХДП аудандық бөлімшесінің активімен кездесті. Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Маңғыстау бөлімшесінің еңбек ұжымымен де жүздесті. Жол саласының қызметкерлерімен жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігі мәселелерін талқылау барысында маңызды ұсыныстар айтылды.

Тоқтала кететін жайт, 4 шілдеде депутаттар Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында болған еді. Жергілікті атқарушы және өкілді билік өкілдерімен кездесулерден кейін депутаттар кеме жөндеу зауытында болып қайтты. Кездесулер барысында әскери және азаматтық сала кемелерін жөндеу, қосымша жұмыс орындарын ашу мәселелері де айтылды.

Депутаттар жұмыс сапарында «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-тің 45 жылдығына орай шараларға қатысуды да жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар