Сенат цифрлық майнингке қатысты заңды мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңы мен оған ілеспе құжаттар мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң Қазақстан Республикасында цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы жөніндегі қызметті, цифрлық майнингті дамыту үшін құқықтық база жасауға бағытталған.

Айта кетейік, 19 қаңтарда Сенат бұл құжаттарға түзетулер енгізіп, оларды Мәжіліске қайтарылды.

Дәл сол күні түстен кейін Мемлекет басшысы Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Сондықтан Мәжілістің таратылуына қатысты Парламент фунцияларын Сенат атқарады.

Атап айтқанда, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай өзгерістер енгізу ұсынылды:

- цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың кіші түрлерінің атауларын нақтылау;

- цифрлық майнердің қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау, өйткені олар «Жарнама туралы» Заңда және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген;

- Заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау.

Осы орайда бүгін Сенаттың жалпы отырысында аталған заң мен ілеспе құжаттардың жекелеген баптары жаңа редакцияда мақұлданды.

Заңның міндеттері:

- жаңа терминологияны енгізу (цифрлық актив, цифрлық активтер биржасы, цифрлық майнинг, цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы);

- цифрлық майнерлер қызметін лицензиялау;

- цифрлық майнингтік пулдар қызметін жүзеге асыру;

- салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну;

- цифрлық активтер биржаларының қызметін регламенттеу;

- цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау;

- Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық.


Соңғы жаңалықтар