Сенат білікті заң көмегін қамтамасыз етуге бағытталған жобаны Мәжіліске қайтарды

None
None
АСТАНА. Қазанның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, құжатты Мәжіліске қайтарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасымен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, Қылмыстық атқару, Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, Әкімшілік іс жүргізу туралы кодекске, сондай-ақ «Адвокаттық қызмет туралы» заңға және басқа да заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Жобаны қабылдаудың басты мақсаты еліміздегі әрбір азаматтың білікті заң көмегін алу құқығы туралы, сондай-ақ заң көмегін тегін көрсету туралы конституциялық ережелерді іске асыру болып табылады. Бұдан басқа, құжатта сезіктінің, айыпталушының, сотталғанның және жәбірленушінің құқықтарын қамтамасыз етудің тетіктерін кеңейту, адвокаттың рөлін арттыру, сот үдерісі барысында тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаттарын іске асыру шаралары көзделіп отыр. Сонымен бірге, құжатта Қылмыстық кодекстің 365-бабының жаңа редакциясы ұсынылады. Оған сәйкес, адвокаттар мен өзге де адамдардың, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі заңды қызметіне тұлғаның өз қызмет бабын пайдалана отырып кедергі жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді.Жобадаға нормалар бойынша жәбірленушіге аса ауыр қылмыс жасау арқылы келтірілген мүліктік зиян үшін ақшалай өтемақыны мемлекет есебінен төлеу де қарастырылып отыр. Бұдан басқа адвокаттың қадағалау сатысындағы сот отырысына міндетті түрде қатысуы және осы сатыда қорғаушыны шақыруға, тағайындауға, ауыстыруға, оның еңбегіне ақы төлеуге байланысты мәселелерді шешу тәртібі белгіленеді.

Жобаны талқылау барысында сенаторлар бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің бірқатар баптары күдіктінің, айыпталушының, қорғаушының және жәбірленушінің өзіне қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішін мәлімдеу құқығы туралы нормамен толықты. Біршама нақтылау сипатында өзгерістер жасалды.

Соңғы жаңалықтар