Сенат бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру туралы заң жобасына қандай түзетулер енгізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасына бірқатар түзету енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар болды, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түстi. Комитет астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген пiкiрде. Бұл жиналыстар мен митингiге, тосқауыл қоюға қатысушылардың «көрiну және естiлу» және оларды өткiзу мүмкiндiгiн арттырады», - деді Сенаттың жалпы отырысында заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.

Оның айтуынша, аталған ұсыныс Заң жобасының осы мәселенi реттейтiн 9-бабының 2-шi тармағына қосымша екiншi бөлiк ретiнде енгiзiлген. Сонымен бірге, Заң жобасының бейбiт жиналыстар өткiзуден бас тарту негiздерiн айқындайтын 14-баптың 1 тармағының 10-тармақшасын алып тастау ұсынылады.

«Бiздiң ойымызша бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тiршiлiктi қамтамасыз етуге байланысты мәселелер арнайы орындарды белгiлеген кезде қаралып ескерiлуi керек. Бейбiт жиналыстарды тоқтату негiздерi мен тәртiбi 18-бапта көзделген. Осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес бейбiт жиналыстарға қатысушылардың күш қолдану әрекеттерiн жасауы, сондай-ақ бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының бейбiт жиналысты ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiне қатысты осы Заңының талаптарын бұзуы бейбiт жиналысты тоқтатуға негiз болады», - деді сенатор.

С.Еңсегеновтің пайымынша, бұл қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды норма. Оның заңда орын алуы жөн.

«Дегенмен, қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбiт жиналыстарды жалғастыруға мүмкiндiк беру дұрыс деген ойдамыз. Сондықтан жоғарыда аталған норманы алып тастау және 18-бапты жаңа 4 тармақпен толықтыру ұсынылады», - деді ол.

Осыдан кейін депутаттар аталған заң жобасына Сенат енізген түзетулерді Мәжіліске жіберу туралы қаулыға бірауыздан дауыс берді.


Соңғы жаңалықтар