Сенат балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заңға 4 түзету енгізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Бейбіт Исабаев Мәжіліске кері қайтарылған балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заңға қандай түзету енгізу қажеттігін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасын талқылаған соң Сенат Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының кейбір нормаларымен келіскен жоқ. Сенат оған бірқатар түзету енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Біріншісі – сенаторлар уәкілетті органның – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құқыққа қайшы контентті орналастыратын интернет-ресурстардың бірыңғай тізілімін жүргізу өкілеттіктерін алып тастауды ұсынады. «Құқыққа қайшы контент» ұғымының ауқымы жеке тұлғаға жала жабудан бастап, билікті күшпен басып алуға және террористік актілерге шақыруға дейін айтарлықтай кең», - деді Бейбіт Исабаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Екінші түзету – Сенат өзінің заңға тәуелді актісімен уәкілетті органның құқыққа қарсы контентті жариялауға жол берген интернет-ресурстарға қолжетімдікті шектеу қағидаларын белгілеу өкілеттігін алып тастауды ұсынады, өйткені бұл мәселелердің барлығы Байланыс туралы заңның 41-1 бабы арқылы реттелген.

«Сондықтан сенаторлар Байланыс туралы заңның қолданыстағы нормаларын жаңа заңда қайталаудың қажеті жоқ деп санайды. Үшіншіден, ата-аналардың немесе ҚР азаматтарының балаларға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерін жеке шенеунік немесе құрылымдық бөлімшенің басшысы емес, құрамына тек уәкілетті органның қызметкерлері және түрлі саланың мамандары, оның ішінде психологтар, лингвистер, заңгерлер және басқалары кіруі тиіс арнайы құрылған сараптама тобы қарауы үшін түзетулер ұсынылады», - деді депутат. Төртінші түзету – Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында ҚР заңнамасына қайшы келетін барлық контентті жою қарастырылған, ал біздің нұсқада – балаларға қатысты кибербуллингтің айқын белгілері бар, сарапшылар кеңесі балаларға қатысты кибербуллинг деп таныған контентті ғана алып тастау ұсынылады. Бұл ретте кибербуллинг контентін интернет-ресурстың ресми өкілі бір тәулік ішінде өшіруі тиіс», - деп түйіндеді сенатор.

Аталған түзетулер Мәжіліске жіберілді және Мәжіліс келіскен жағдайда заң бірден Мемлекет басшысының қарауына жіберіледі.

Еске сала кетсек, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды.

Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар