Сенат бактериологиялық құралдарға қатысты Заңды қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруын пайдаланбау, барлық биологиялық зерттеулерді тек бейбіт мақсатта пайдалану, халықаралық қауіпсіздікті нығайту бойынша өз ұстанымын әлемдік деңгейде көтеріп, нақты істермен дәлелдеді. Қазақстан бактериологиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге әрі олардың қорын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны бұрын ратификациялаған. Уәкілетті орган ретінде 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі болған еді.

«Осы қабылданған конвенцияны толықтыратын және нығайтушы элементтер ретінде саналатын Женева хаттамасы болып отыр. Бұл екі халықаралық құжат бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ұсынылып отырған Женева хаттамасы халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады әрі осы саладағы қажетті тетіктердің бірі болып саналады. Аталмыш хаттама 20 ғасырдың басында қабылданса да, бүгінге дейін ол осы химиялық тұншықтыратын, улы бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салатын басты заңды құжаттың бірі болып танылды. Сондықтан министрлік Женева хаттамасын ратификациялау мәселесін назарға ұсынып отыр. Қазіргі кезде 1925 жылғы Женева хаттамасына қатысушы мемлекеттер саны 140-тан асып кетті», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол құжатқа қатысты ғылыми-құқықтық сараптама жоғары оқу орнында жүргізілгенін айтты.

«Құжаттың ғылыми-құқықтық сараптамасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүргізді. Осы сараптамаға сәйкес, Женева хаттамасы Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасына, сондай-ақ еліміздің халықаралық шарттар туралы заңға толық көлемде сәйкес келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар