Сенат: Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасы Мәжіліске қайтарылды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды.

 Заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен, құжат Парламент Мәжілісіне қайтарылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталған заң жобасының мақсаты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру болып табылады. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін жобаға ішкі аграрлық азық-түлік нарығында тұрақты жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер енгізіліп отыр. Сондай-ақ, жобада республика халқының азық-түлік тауарларымен өзін өзі қамтамасыз етуінің жеткілікті деңгейіне қол жеткізу шаралары заң жүзінде қарастырылады.

  «Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын талқылау барысында Сенат комитеттері мен депутаттары тарапынан бірқатар толықтырулар енгізіліп, соның негізінде 53 ұстанымнан тұратын кесте түзілді. Аталған өзгерістер мен толықтырулар Бюджет кодексіне, «ҚР ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Астық туралы», «Тұқым шаруашылығы туралы» және басқа да заңдарға қатысты болып табылады», деді заң жобасы бойынша түсінік берген сенатор Қуаныш Айтаханов. Оның айтуынша, сенаторлар бюджеттен қосымша шығындарды талап ететін ұсыныстарды да жасағандықтан, ол бойынша Үкіметке хат жолданған.  Сонымен бірге, Бюджет кодексіне мемлекеттік мекемелердің ветеринарлық қызмет көрсетуден және  алған өнімді сатудан түскен табысты пайдалануға рұқсат беру туралы өзгерістер енгізілген. Сенаторлардың осы өзгерісіне Үкімет оң қорытынды берген. Бұдан басқа жобада редакциялық және нақтылау сипатындағы толықтырулар да қамтылып отыр.

Соңғы жаңалықтар