Сенат Әзербайжандағы қазақстандықтардың мүдделерін қорғауға арналған құжатты қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге 2019 жылы 14 қазанда Баку қаласында Қазақстан мен Әзербайжан Ішкі істер министрлері қол қойды.

«Келісімді ратификациялау көші-қон ағындарын реттеу, азаматтық мәселелерін шешу және заңсыз көші-қон желілерін анықтау үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Нақтырақ айтсақ, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік жасалады, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді. Қазақстан мен Әзербайжан азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады. Көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға болады. Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінде заң бойынша қос азаматтық жоқ», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Оның айтуынша, осы заңды қабылдау азаматтық мәселелері бойынша ақпаратпен алмасу, қос азаматтық және заңсыз көші-қонға қарсы күресте туындаған мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік-экономикалық, және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды, және қосымша қаражатты талап етпейді.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттері арасындағы қарым-қатынас тарихы терең бауырластық пен достыққа негізделгенін атап өтті.

«Қазіргі таңда ортақ теңіз шекарасы, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар екіжақты қатынаста үлкен маңызға ие. Осы ретте бүгін қабылданған заң да ерекше рөл атқарады. Бұл құжат арқылы Әзербайжанда жүрген азаматтарымыздың мүдделерін тиісті деңгейде қорғауға қосымша мүмкіндіктер туындайды. Алдағы уақытта бұл заң көші-қон саласын реттеп, ек ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», - деді М. Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар