Сенат: алдағы үш жылға арналған бюджет туралы заң жобасын талқылау кезінде 113 ұсыныс түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттар тарапынан өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 113 ұсыныс түсті, олар салыстырмалы кестеге енгізілді. Барлығы үш жылдық кезеңге 71,8 млрд теңге сомасына, оның ішінде 2023 жылы 30 млрд теңгеге ұсыныстар қолдау тапты. Ұсыныстар мынадай бағыттарды қаржыландыру мәселелерін көздейді: жалпы сомасы 13,7 млрд теңгеге елді мекендердің ішкі жолдары мен көпірлерді салу және реконструкциялау, оның ішінде 2023 жылы - 7,8 млрд теңге; жалпы сомасы 22,1 млрд теңгеге су құбыры желілерін салу және реконструкциялау, оның ішінде 2023 жылы – 8,1 млрд теңге. Бұл қалаларда, ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне халықтың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы сомасы 13,9 млрд теңгеге, 2023 жылы 1,4 млрд теңгеге газбен жабдықтауға; жалпы сомасы 6,3 млрд теңгеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу, оның ішінде 2023 жылы - 2 млрд теңге; жалпы сомасы 2 млрд теңге сыртқы электрмен жабдықтау объектілерін салуға қаралады», - деді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, сенатор Серікбай Тұрымов.

Осыдан кейін сенатор ең алдымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңның жобасын қабылдауды ұсынды.

«Екіншіден, «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы«заң жобасы бойынша салыстырмалы кестені қарап, өзгерістер мен толықтыруларды енгізу үшін Мәжіліске жіберуді ұсынамын», - деді ол.

Жиында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды қабылдап, дауыс берді.

Ал «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының салыстырмалы кестесіне сенаторлар 57 түзету енгізген және ол да толық қабылданды. Сонымен қатар дәл осы заң жобасының Мәжіліс мақұлдаған басқа баптары да қолдау тапты. Мұнан бөлек, Сенат енгізген түзетулерді Мәжіліске жіберу туралы қаулы қабылданды.


Соңғы жаңалықтар