Сенат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Кодекс жобасы әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға бағытталады.

Бұл ретте әкімшілік заңнаманы ізгілендіру, соттарға жүктемені азайту шаралары қарастырылады. Осыған баланысты соттардың және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттілік берілген органдардың құзыреті қайта қаралады. Кодекс жобасына сәйкес, айыппұлдың абсолюттік белгілі бір мөлшері көзделеді. Бұл әкімшілік жаза шығару кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік береді.

«Жаңа редакция бойынша әкімшілік қамауға алудың ең ұзақ мерзімі отыз тәулікке, айрықша жағдайлардағы төтенше жағдайлар режимінде қырық бес тәулікке дейін қысқартылып отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану секілді жазалау нормалары алынып тасталды», - дейді әділет министрі Берік Имашев. Оның айтуынша, кодекс жобасында сыбайлас жемқорлық факторын алып тастау мақсатында, сонымен қатар қысқартылған іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін абсолютті түрде анықталған айыппұлдар көлемі белгіленген. Бұл өндіріп алудың басқа түрлері бойынша салыстырмалы түрдегі белгілі бір санкцияларды, оның ішінде қызметті, лицензияны тоқтата тұру, лицензиядан және құқықтан айыру санкциялары сақталады.

Бұдан бөлек, жоба редакциясында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берген органдардың құзыреттерін қайта қарау қарастырылған. Атап айтқанда, соттың ведомстволық бағыныстылығынан санкцияларында айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қарастырылатын баптардың бірқатарын мемлекеттік органдарға ауыстыру қамтылып отыр. Кодекс жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке жолданады.

Соңғы жаңалықтар