Семсерлесуден әлем кубогінде тұңғыш рет қазақстандық жасөспірім жүлде алды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әдемі Серікбай Алматы қаласында өтіп жатқан семсерлесуден жасөспірім қыздар арасындағы әлем кубогінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Қазақпарат Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 жастағы Әдемі Серікбай 1/8 кезеңде түркиялық, ал ширек финалда өзбекстандық спортшыны 15:9 есебімен ұтты. Ал, жартылай финалда кейіннен чемпион атанған оңтүстік кореялық Ким На Иеге есе жіберді. Бұған дейін қазақстандықтар жасөспірімдер арасында әлем кубогінде жүлдегерлер қатарына кіріп көрмеген. Жалпы, бұл жекелей бәсекеге 10 елдің 50 спортшысы қатысты.

Айта кетейік, Алматыда елімізде алғаш рет семсерлесуден әлем кубогі өтіп жатыр. Жарыстың ресми ашылуына Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов, Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов, семсерлесуден Мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов қатысып, жиналған спортшыларға сәттілік тіледі.


«Бүгін бәріміз тартысқа, эмоцияға толы спорт түрі саналатын семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы әлем кубогінің басталуына куәгер болып тұрмыз. Мұндай деңгейдегі жарыс біздің елімізде алғаш рет өткелі жатқанын айта кету керек.

Қазір Қазақстанда семсерлесу спортына деген қызығушылық артып келеді. Бұған Ұлттық құрамамыздың Әлем және Азия чемпионатындағы айтулы көрсеткіштері серпін беріп келеді. Жерлестеріміз тұрақты түрде Олимпиадада өнер көрсетіп жүр.


Біздің осы жарыстан күтеріміз көп. Неге десеңіздер, турнирден кейін келесі жылғы Әлем және Азия чемпионатына қатысатын еліміздің жастар құрамасы жасақталады. Әсем қала Алматыға осы турнирге қатысу үшін 10 шақты елдің жас спортшылары жиналды. Бұл жүлдеге қол жеткізу оңай болмайтынын байқатады, яғни нағыз бабы мен бағы келіскендер ғана топ жарады деген сөз», - деді Оралбай Жақсымбетов.

Әлем кубогінің соңғы күні командалар арасында үздіктер атықталады. Онда Қазақстан, Болгария, Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Үндістан, Аустралия, Өзбекстан, Гонк-Конг, Грузия қыздары шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар