Семейліктер «Астана-Защита» бағытындағы жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейдегі Абай музейі «Астана-Защита» бағытындағы жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынды, деп хабарлайды еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы мәселеге байланысты министрліктің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның президенті, Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев мырзаға Абай музейі ұжымының ұйымдастыруымен жергілікті әкімшілік және қоғамдық ұйымдардың атынан «Алдағы, 2017 жылы әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы, кемеңгер жазушы, ұлт мақтанышы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толатынын ескере отырып, «Астана-Защита» бағытына қатынайтын №67/68 «Тұлпар-Тальго» пойызын «Абай жолы» деп атауды сұраймыз» деген мазмұнда арнайы хат жолданғандығы айтылады.

Хатқа ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Т.Ибрагимов, «Абай» қорының президенті О.Кәрібжанов, Семей қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Көпбаев, республикалық «Абай» журналының бас редакторы М.Оспанов, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің А.Еспенбетов, А.Исин, М.Кәрімов, М.Түйебаев, М.Мұхамадиев тәрізді өзге де бірқатар ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қол қойған.

Көп кешікпей Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков мырзаға жоғарыда аталған ұлттық компанияның  даму жөніндегі вице-президентінің міндетін атқарушы Д. Нұрмағанбетовтен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамынан «Астана-Защита» бағытындағы жолаушылар пойызына «Абай жолы» атауын беру жөніндегі ұсынысыңыз назарға алынып, келісілді. Қазіргі таңда Қоғам тарапынан осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда», - деген жауап та келген еді.

«Осы мәселе бойынша телефон арқылы тілдескенімізде «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының сервистік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асқар Ахметбеков «Абай жолы» атауымен жолаушылар пойызы осы қаңтар айының соңында немесе алдағы ақпан айында қатынайтын болады, деп хабарлады»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.

«Данышпан Абайдай ұлы тұлғаларды дәріптеу арқылы ұлт мерейін асқақтатып өсіретін осындай игі істер елімізде әрдайым көбейе берсін. Олай болса, «Абай жолы» жолаушылар поезына ақ жол тілеп, асыға күтеміз!»,-дейді музей ұжымының өкілдері.

Соңғы жаңалықтар