Семейліктер Абай күнін қалай атап өтіп жатыр
2022 жылғы 10 тамыз 14:25

Семейліктер Абай күнін қалай атап өтіп жатыр

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Абай күніне орай бірқатар шара өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қазақстанда Абай күні атап өтілуде. Дәстүр бойынша бұл күні Семейде ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, зиялы қауым өкілдері және қонақтары қатысты.

«Адамзатты бауырына балап, дарынды тұлғаларға асқақ рух сыйлаған Ұлы бабамыздың еңселі ескерткішінің алдында басымды иіп, тағзым етемін.

Хакім Абай – қайталанбас дара тұлға. Ұлт мақтанышы, ақыл-ой кеніші, әлемдік деңгейдегі ұлы кемеңгер. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыз бен жаһан жұртының рухани асыл қазынасы болып қала береді», - деді Нұрлан Ұранхаев өзінің құттықтау сөзінде.

Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар Невзоровтар отбасы мұражайы мен Абай музейін аралады. 1985 жылы құрылған Невзоровтар отбасы атындағы мұражай қорында 3600-ден астам өнер туындысы сақталған. Онда келушілердің назарына Абайдың көзі тірісінде қаланың өлкетану мұражайына тапсырған экспонаттары ұсынылды. Мәдениет ошағы балалар үшін де қызықты. Киіз үй түрінде жабдықталған залда олар ертегіні Абайдың әжесі Зеренің дауысымен тыңдап, көлеңкелі қуыршақ театрын көре алады.

Сондай-ақ хакімнің туған күніне орай қалада жерлестер бизнес-форумы өтуде. Онда бұрынғы Семей облысында кіндік қаны тамған, қазіргі Абай облысына тілеулес жандар туған жерге тағзым етп, өзара пікір алмасуда. Форумға түрлі салаларда табысқа қол жеткізген кәсіпкерлер де шақырылды.

Бұдан бөлек, В2В форматында кездесулер ұйымдастырылып, танымал өнерпаздардың қатысуымен концерт өтеді.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT