Семейлік оқушылардың ғылыми жобасы Ресейде екінші орын алды

Фото: None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласы оқушыларының ғылыми жобасы Ресей екінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары РФ Мәскеу облысы Королев қаласында өткен «Человек-Земля-Космос» ғылыми-зерттеу жобалар олимпиадасында ІІ орынға ие болды.

10-сынып оқушылары Қымбат Байсапина мен Нұрай Жанатбекқызының «Жаңбыр суын жинайтын дренаж жүйесі және қаладағы жолдың экоинфраструктурасы» атты жобасы қазылар алқасының жоғары бағасын иеленді. Жас зерттеушілер бұл тақырыптағы еңбектерін 2 жыл бұрын бастаған.

«Бұл жобаны қолға алуымызға қаламыздың көшелеріндегі жағдай себеп болды. Жасыратыны жоқ, жауын жауса Семей көшелеріне су жиналатынын көзіміз көріп жүр. Біз бақылаған Ә.Тәңірбергенов, Глинка, Селевин, Қабанбай батыр, Абай, Ш.Қаржаубайұлы сынды негізгі көшелердің өзінде осы мәселемен жиі бетпе-бет келеміз. Бұл өз кезегінде асфальттің бүлініп, ылғалдың әсерінен қопарылуынан бөлек, көлік кептелісіне алып келеді. Осыған орай, қала іші жол бойында жаңбыр мен еріген қар суының жиналуын болдырмайтын, асфальт бұзылуының алдын алып, жол жиегін көгалдандыруға мүмкіндік беретін дренаж жүйесі мен экологиялық инфрақұрылым моделін әзірлеуді жүзеге асырғымыз келді», -дейді Нұрай.

Дренаж жүйесінің макетін жасауда және математикалық есептеулерді жүргізуде Қарағайлы шағын ауданы зерттеу объектісі ретінде алынған.

«Аталған жүйенің жұмысына назар аударсақ, ең алдымен жаңбыр суы бордюрдегі саңылаулар арқылы өтеді. Саңылаудан өткен су байланыстырғыш құбыр арқылы арыққа төгіледі. Арыққа жаңбыр суы байланыстырғыш құбырдан құйылып, ары қарай арықтан өтіп, горизонтальді резервуарға жиналады. Жел генераторы өндіретін энергия есебінен осы резервуардың ішінде жиналған жаңбыр суын сорғы көмегімен вертикальді резервуарға жеткізеді. Вертикальді резервуардағы жаңбыр суын тамшылатып суғару әдісімен қаланы көгалдандыруға қолдана аламыз. Қауіпсіздікті ойластыру мақсатында жаяу жүргіншілер жүретін жолда қозғалыс датчигін орнату, жолды екі жақтан жарықтандыру қарастырылды», – дейді Қымбат Байсапина.

Осылайша, дренаж жүйесі мен қаладағы жол инфраструктурасының ерекше моделі жасап шығарылған. Ол өзінің тиімділігі мен экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оқушылар бұл жобаны кез келген қалада іске қосуға болатынын айтып отыр.


Соңғы жаңалықтар