Семейлік оқушылар ауадан тұщы су алудың жолын ойлап тапты

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейлік оқушылар ауадан тұщы су алудың жолын ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаладағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Пәкжан Ниязбек пен Ерасыл Мырхиев республикалық «Жерге қамқорлық - адамға қамқорлық» арнайы конкурсының финалына өтті.

Бірнеше кезеңнен тұрған сайысқа 60-тан астам команда қатысып, өздерінің жобаларын ұсынған.

Сайыс ауылды жерлердегі халықтың әл-ауқатын көтеріп, ауылдан қалаға жаппай көшудің алдын алуға бағытталған.

«Біз ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жобаны қолға алдық. Соңғы бір жыл бойы жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, еліміз үшін ғана емес әлем бойынша өзекті саналатын күрделі мәселенің шешімін табуға тырыстық. Бір атап өтерлігі – ақтық сынға жолдама алған 8 үміткер командалардың арасында біз ғана мектеп оқушысымыз. Қалғандары - жоғары оқу орындарының студенттері», - дейді жас зерттеушілер.

Пәкжан мен Ерасылдың жобаларының өзектілігі – ауадан тұщы су алуында.

«Water from air» құрылғысы ауадан суды конденсация әдісі арқылы алады.

«Жаңбырдан, тұманнан пайда болған атмосфералық су буы тордың суық бетінде конденсацияланып, құрылғының төменгі жағында орналасқан резервуарға жиналады. Өнімділік ауа-райына тікелей байланысты. Бірақ есептеуіміз бойынша күніне 100 литрге дейін су алуға мүмкіндік бар», - дейді оқушылар.

Зерттеу негізінен еліміздің халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңіріндегі 5 ауыл бойынша жүргізілген.

Бұл ауылдарда су тапшылығы сезіліп, тұрғындар суды тасып ішеді.

Финалда жеңіске жеткен жағдайда жас зерттеушілер ауылға су жинайтын мұнара орнатып, жобаны ары қарай дамытуды мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, сайыстың ақтық сыны 12 мамырда «ENACTUS Kazakhstan National EXPO 2022» аясында өткізілмек.


Соңғы жаңалықтар