Семейлік кәсіпкерлер Риддерге 16 млн теңге аударып, гуманитарлық жүк жіберді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының тұрғындары мен кәсіпкерлері Риддердегі өрттен баспанасыз қалғандарға көмек көрсету үшін арнайы шотқа 16 млн теңгеден астам қаражат аударып, гуманитарлық көмек жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осындай қиындықтарды тек бірігіп қана жеңе аламыз. Үйінен айырылған жерлестерімізге көмек көрсетуіміз керек. Барша тұрғындар мен кәсіпкерлерді өрт салдарынан зардап шеккен отбасыларға қолұшын созуға шақырамын», - деді «Фирма Азия» ЖШС директоры Сәуле Досқожанова.

Сондай-ақ шаһар кәсіпкерлері 15 тоннаға жуық азық-түлік жинаған. «Агрофирма – Приречный» ЖШС 5 тонна пияз және 5 тонна қырыққабат бөлді. «Ай-Ар» ЖШС 350 келі 1 сұрыпты ұн, «АҚ-нан КЗ» ЖШС 250 келі ұн, «Семнан» ЖШС өз өндірісінің ұннан жасалған кондитерлік өнімдерін, атап айтқанда 10 қорап печенье, 10 қорап қытырлақ нан және тәтті тоқаштар жіберді. «Semei Qus» ЖШС 2 санаттағы 10 қорап жұмыртқа жіберген.

Бұдан бөлек, «Апрель» көпфункционалды кешені 50 келі күріш, 100 келі макарон өнімдерін, 50 келі қарақұмық жармасын, 50 литр күнбағыс майын және 50 келі ұн мен қант бөлді.

Бүгін барлық көмек қоры жиналған екі жүк көлігі Риддер қаласына жол тартады.

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамырда Шығыс Қазақстандағы Риддер орман шаруашылығында алапат өрт шыққан. Өрттен 1 адам қаза тауып, екеуі жарақат алған. Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі тілсіз жаудан зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгін сағат 18.20 өрт ауыздықталды.


Соңғы жаңалықтар