Семейге Ұлттық комиссия жанындағы орталық сараптама кеңесінің мүшелері келді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейге Ұлттық комиссия жанындағы орталық сараптама кеңесінің мүшелері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейге «Туған жер - 2018» автоэкспедициясы келді. 14-ші маусым күні Астанадан шыққан Ұлттық комиссия жанындағы орталық сараптама кеңесінің мүшелерінің мақсаты - өңірлерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған істерді пысықтап, одан әрі іске асыру жолдарын қарастыру. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Семейдің Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ұйытқы болуымен өткен жиынға тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ақындар мен білім ордаларының басшылары қатысты.

Жиында алғаш сөз алған Шығыс Қазақстан облысы Өңірлік жобалау офисінің жетекшісі Мәдениет Ахметова өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы басым бағыттар жөнінде баяндап берді. Бүгінде облыста аталған бағдарламаны іске асыру үшін арнайы жұмыс топтары құрылған. Олардың көмегімен халық арасында ақпараттық насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыста 27 жоба, 18 кіші жоба, 1 366 іс шараны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл мақсатта бюджеттен 14 млрд 499 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру және сақтау жұмыстарына да аймақта зор мән беріліп отыр. Аймақта тарихи-мәдени мұраларды сақтау жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жобасы бойынша 104 ескерткіштің 89-ына құжаттар рәсімдеу және тіркеу жұмыстары жүргізілді. Және облыстың қасиетті киелі орындарына шетелдік туристерді тарту мақсатында «Тарихи жол» ұялы қосымшасы әзірленуде. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің «Абай әлемі» кітаптар жинағы шығады. 14 мың данамен жарыққа шығатын жинақтың таныстырылымы жыл соңында өтеді.

«Бағдарлама аясында облыста көптеген шаралар жүзеге асуда. Бірақ біз алға қойған міндеттерді орындау үшін бірінші кадрларды дайындауымыз керек. Сондықтан біз былтырғы жылы 1 251 мұғалімді дайындадық. Биыл тағы биыл 1 300 тіл маманы қайта оқытудан өтеді. Облыстық бюджеттің қолдауымен 87 млн теңге «Әдеби Шығыс» жобасын жүзеге асыру басталды. Білім басқармасының бастамасымен облыстағы 40 мың шәкірт арасында Шәкәрім Құдайбердіұлы және Федор Достоевский шығармаларын жаппай диктант жазу шарасы жүргізілді. 1 500 жеңімпазға киелі орындарға баруға жолдама берілді. Сонымен қатар өңірдің атақты жазушылардың туындылары бойынша эссе жазып жеңіске жеткен 700 оқушыға «Дарын» облыстық лагерінде кезең-кезеңмен демалуға жолдама берілді», - деді Мәдениет Ахметова.

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орталық сараптама кеңесінің мүшелері жұмыстарға оң баға берді. Дегенмен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы бірнеше ескерту жасады. «Бір реттік шаралар өте көп. Керісінше, фокус топтар, тұрғындардың қызығушылығын арттыратын практикалық маңызы бар жұмыстар аздау көрінді» деген ол осы бағыттарда жұмысты жетілдіру керектігін атап өтті.

«Біздер үшін ең маңызды топ - жастар. Сондықтан мәселеге жастарды тарту керек. Және өңірдегі бағдарламаны іске асырудың аналитикалық деңгейін көтеру керек. Және қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулыққа, латын қарпіне көшуге байланысты іс-шаралардың маңыздылығын айту, осыған байланысты жұмыс жасау қажет», - деді кеңес мүшелерінің төрағасы.

Сонымен қатар жиын барысында кеңес мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Солардың бірі Серікзат Дүйсенғазы. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кешенді түрде «Алаш» жобасын жасауды ұсынды.

«Семейде Алаш мұражайы бар деп естимін. Бірақ республикалық деңгейдегі Абай мұражайы секілді Алаш мұражайын Семей қаласынан ашу керек. Алашқа байланысты монографиялар жеке-жеке шығып жатыр. Осыны көп топтық сериямен «Алаш» монографиясы болып шығу керек деп ойлаймын. Және алашқа байланысты толыққанды энциклопедия керек. 2009 жылы Ғарифолла Әнес ағамыз «Алаш» деген энциклопедия шығарды. Бірақ қаншалықды толыққанды екенін білмеймін. Сондықтан осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алашқа байланысты энциклопедиясы мен Алаш қайраткерлерінің суреттері бар галереясын жасау керек. Қаншама зиялы қауым өкілі білім алған қаладағы Мұхатр Әуезов педагогикалық колледжге республикалық статус беру керек», - деді С. Дүйсенғазы.

Жиын соңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті ректорлары өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойды.

Авто-экспедиция ары қарай Қалбатау, Ақсуат аудандарына жолға шықты. 

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар