Семейдің туристік логотипі пайда болды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев шаһардың жаңа туристік логотипін таныстырды. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей ақпараттық орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы жылдың ақпан айында қаланың үздік туристік логотипіне конкурс жарияланған болатын. Байқауға келіп түскен 20 эскиздік жоба арасынан Әділбек Қайсановтың жұмысы үздік деп танылды. Жас дизайнерге туристік фирмалар атынан 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді.

Туристік логотипте ағылшын тілінде «Қазақстанның мәдени астанасы Семейге қош келдіңіз» деп жазылған. Оның негізгі түсі - жасыл. Ол қаланы қоршап тұрған қарағайлы орманды бейнелейді. «Е» әріптерінің бірі қолындағы пиаласы бар адамның бейнесіне ұқсайды. Бұл - қонақжайлықтың символы. «М» әрпі аспалы көпірге ұқсайды. Сонымен қатар логотипте​ елдің символы - Күн бар.

«Қазір Семей туралы жарнамалық бейнероликтер дайындап жатырмыз. Оларды әлеуметтік желілер, соның ішінде шетелдік платформалар арқылы таратамыз. Ол жөнінде әріптестермен келісім бар. Жаңа туристік логотип барлық бейнероликтерге орналастырылады»,- деді Мұрат Құржықаев.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында қалалық спорт бөлімі жанынан туризм секторы құрылды. Қазір мамандар өңірге шетелдік туристерді тарту бойынша жобаларды әзірлеуде. 2018 жылы Семей қаласына 7 500-ден астам турист келді.

Соңғы жаңалықтар