Семейді дамыту бағытында 56 жоба іске асырылмақ

None
None
CЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласын дамыту үшін 56 жоба іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы ШҚО әкімі Даниал Ахметов Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Семей қаласының әкімімен және бірқатар басқарма басшыларымен кеңес өткіздім. Шаһардың 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын талқыладық. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, көлік, білім беру, спорт және мәдениет салаларына қатысты 56 жоба іріктелді. Биыл 32 жобаны аяқтау жоспарланған», - деді ол.

Даниал Ахметовтің айтуынша, оның ішіндегі ең маңыздылары – барлық жылыту қазандықтарын жөндеу, автожол көпірін жаңарту, жақын маңдағы елді мекендер мен бұрынғы аудан орталықтарына баратын жолдарды жөндеу.

«Сонымен қатар жаңа нысандар салынады. Олардың қатарына арнайы техника құрастыру цехы мен 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы кіреді. 70 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы ойдағыдай іске асып жатыр. Қаланы жылумен қамтуға қатысты алты жоба ерекше бақылауда. Солардың бірі – жаңа мектептерді қолданыстағы жылу желілеріне қосу», - деді облыс әкімі.

Әлеуметтік салада Приречное ауылындағы клубты жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ Ертіс өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар су тасқыны болатын кезге дейін аяқталады.

«Өкінішке қарай, белгілі себептермен тоқтатылған бірқатар жоба бар. Қала әкіміне бір аптаның ішінде қаржыландыруды, инвесторларды, жұмыстың тиісті кестеге сәйкес жүру-жүрмеуін талдап, әр жоба бойынша жоспар дайындауды тапсырдым. Біз қай жобаға ерекше назар аудару керектігін нақты білуіміз керек», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар