Семейді дамыту бағдарламасына тағы 111 млрд теңге қажет – ШҚО әкімі

Фото: None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ертең құрылатын Абай облысының орталығы – Семей қаласын дамыту бағдарламасына тағы 111 млрд теңге қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8 маусым – Қазақстанда Абай облысы құрылатын күн. Жаңа өңірдің орталығы Семей шаһары болмақ.

ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов Семейді дамыту бағдарламасы 2019 жылдан бері іске асырылып келе жатқанын айтты.

«Бұл бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Оған 260 млрд теңге бөлінді. Осы уақытқа дейін жоспар 40 пайызға орындалды. Болашақ Абай ауданының орталығы дами түсіп, жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Мәселен, бүкіл Азия кеңістігіндегі бірегей медициналық мекеме – радионуклидтік орталық бой көтерді», - деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, аталған бағдарламаны іске асыруға қосымша 111 млрд теңге қажет. Тиісті жоспар әзірленген.

«Жаңа облыстың медицинасы еліміздегі ең үздіктердің бірі болары сөзсіз. Аймақта медицина деңгейі жағынан Аягөз қаласымен бәсекеге түсе алатын аудан орталығы жоқ. Ондағы 34 дәрігер шетелде біліктілік арттырып, күрделі оталарды жасауды үйренді», - деді Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Абай облысының орталығы болатын Семейдің инфрақұрылымы жақсаратынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар