Семейдегі жылу-электр орталығының жұмысшылары жалақы ала алмай отыр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Семейдегі жылу-электр орталығының жұмысшыларына жалақы төленбей отырғандығы туралы ақпарат тарады. ҚазАқпарат тілшісі мұның ақ-қарасын анықтап көрді.

Желіде тараған ақпаратта жылу-электр орталығының еңбек ұжымы осы жылдың тамыз айынан бері жалақыдан қағылғаны, оларға айлықтың орнына сүт пен басқа да өнімдерге талон алу ұсынылғаны туралы айтылған. Орталық директоры Азат Сарпеков жалақы мәселесінің бар екендігін растап отыр. Алайда ол еңбекақы тамыздан емес, қыркүйек айынан бастап берілмегенін жеткізді.

«Сүт талоны қызметкерлерге жалақыдан бөлек күнделікті беріледі. Бұл орталық жұмысының денсаулыққа зиян келтіруіне байланысты өтемақы. Негізінен айлық мәселесі бізде жыл сайын туындайды. Себебі жаздың күні жылу болмағандықтан орталыққа ақша түспейді. Бұған жұмысшылар үйренген. Бірақ күз кезінде барлығына тиісті ақшалары төленуде. Биыл да солай болады. 10 күн ішінде жалақы бойынша қарыз толықтай өтеледі», - деді А.Сарпеков.

Оның айтуынша, биыл жылу-электр орталығы жұмысшыларының жалақысы 40 пайызға артқан. Жалпы бүгінде сол жерде 1800-ге жуық адам жұмыс істейді.

ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов орталық қызметкерлері тарапынан ешқандай шағым түспегенін мәлім етті.

«Біз бұл мәселеден хабардармыз. Инспекция мамандары аталған мекеме басшылығына хабарласқан. Олар жалақы мәселесінің жуық арада шешілетіндігін түсіндірді. Егер айлық төленбесе еңбек ұжымы арыздануға хақылы. Сондай жағдайда жылу-электр орталығына ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабына сәйкес айыппұл салынады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар