Семейдегі жолдардың 60 пайызы жөндеуді қажет етеді

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейдегі жолдардың 60 пайызы жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Әлихан Смайыловқа шаһар жолдарының жағдайы жайында жасаған баяндамасында айтты.

«Қаланың ішінде 756 шақырым жол бар. Асфальтталғаны - 306 шақырым. Яғни, 40 пайыз. Оның 9,1 пайызын жөндеу керек. Семейде асфалть төселмеген 703 көше бар. Бұл дегеніміз 450 шақырым. Демек, шаһардағы көшелердің 60 пайызы асфальттауды қажет етеді. 110 шақырымға қиыршық тас төселген. 340 шақырым қара жол. 2023 жылы қалалық және облыстық бюджеттен қала жолдарын жөндеуге 4 миллиард теңге бөлінді. 60 шақырымды құрайтын 40 көше орташа жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек квартал ішілік жолдар жөнделеді және бірнеше көшенің жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жалпы алғанда, биыл 75 шақырым жолды жаңартуды көздеп отырмыз. Мұның өзі аздық етеді», - деді қала әкімі.

Премьер-Министрге Семейдегі аспалы көпірдің қазіргі жағдайы туралы да баяндалды. 2000 жылы жапондар тарту еткен көлік өткелі салынғалы бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Өткен жылы шетелдік мамандар нысанды тексеруден өткізіп, сараптама қорытындысын жариялаған болатын. Сарапшылардың айтуынша, көпірдегі 90 метрлік бағаналарды жалғайтын негізгі кабельдер тоза бастаған. Оның сыртын суға төзімді материалмен қаптау керек. Көпірдің асфальт жабындысы да толық жаңалауды қажет етеді. Нысанға күрделі жөндеу жүргізуге Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған.

Үкімет басшысы Семейдегі жолдардың 60 проценттен астамы стандарттарға сәйкес келмейтінін айтып, бұған республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы бөлінгенін жеткізді.

«Аспалы көпірді жөндеу үшін министрлікпен бірлесіп жұмыс істеу керек. Тиісті құжаттарды дайындап, бюджет процесіне енгізу қажет. Автожолдарды ары қарай кеңейту керек. Ол үшін Индустрия министрлігімен тізе қоса отырып барлық құжаттарды дайындаңыздар. Сосын бюджет процесінде қарастыратын боламыз», - деді Әлихан Смайылов.
Әлімхан Әлиханұлы


Соңғы жаңалықтар