Семейдегі жедел жәрдем ауруханасы заманауи жабдықтармен қамтылмақ

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Қазақстан бойынша алғаш рет гибридті операциялық зал Семейде ашылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін қалаға сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов жедел медициналық жәрдем ауруханасының жұмысымен танысты. Дәрігерлермен кездесуі барысында аймақ басшысы барлық заманауи жабдықтарды тиімді пайдалану керектігін жеткізді. Сондай-ақ, дәрігерлерге бірегей құрал-жабдықтарға жұмсалатын қаржыны сауатты жұмсау қажет екенін айтты.

Облыстағы жүргізілген аудит қорытындысына сәйкес денсаулық сақтау мекемелерін жабдықтау үшін 23 млрд. теңге қажет.

Аймақ басшысының сөзінше, тек жабдықтар ғана емес, әлемдік орташа көрсеткішке сай болуы үшін ауруханаларға жиһаз да керек. Сондай-ақ облыста қолдануға келмейтін жабдықтар да бар. Мысал ретінде Өскемен қаласындағы облыстық ауруханада орналасқан үш ангиографты келтіруге болады.

Даниал Ахметовтың айтуынша, әрбір ангиограф аймақта тұратын 250 мың адамды тексерістен өткізе алады. Яғни, үш ангиограф 750 мыңға жуық адамды қарауы керек, бірақ бұл қолдан келмейді. Аймақ басшысы бұл жерде жабдықтың орналасқан жерінің ыңғайсыздығын атап өтті. Одан кейін облыс әкімі операция бөлмесін көріп сатып алынған ангиографты орнатуға болатын айтты.

«Сіздер ауруханадағы операция бөлмелерінің бірін қалыпқа келтіріп, сол жерге гибридті операциялық бөлмені жабдықтауларыңыз керек. Яғни шығындалмау үшін қолданыстағы бөлмелердің бірін пайдалану керек», - деді облыс әкімі.

Аймақтық денсаулық сақтауды дамытудың кешенді жоспары жалғасатын болады. Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасын қазіргі заманғы жабдықтармен толығымен жабдықтау жоспарлануда. Медицина қызметкерлері әлемдегі үздік клиникаларда білімін жалғастырады.

Облыстың бас дәрігері Марат Шорановтың айтуынша, бұл медициналық мекеме барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Соңғы жаңалықтар