Семейдегі Ядролық медицина орталығында экологиялық апат бола жаздаған

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы құрылысы ұзақ жылға созылған Ядролық медицина орталығында экологиялық апат бола жаздаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мамандары мен профессорлары Семейдегі ядролық медицина орталығын неге ерте іске қосу мүмкін болмағанын түсіндіріп берді.

Белгілі болғандай, жауапсыз мердігерлердің кесірінен медициналық мекеме қауіпті радиация көзіне айналып қана қоймай, бір сәтте күлі көкке ұшып кетуі мүмкін еді.

Циклотронды, сұйық радиоактивті қалдықтарды жинау және сақтау жүйесін, позитронды-эмиссиялық томографты және гамма-камераны монтаждау кезінде олқылықтар анықталған.

Бұрынғы мердігерлердің жобаға мүлдем немқұрайлы қарағанын тек жергілікті мамандар ғана емес, МАГАТЭ мен бірегей жабдық өндіруші фирмалардың өкілдері де растап отыр.

«Өзім комиссия құрамына кірген кездегі жағдаймен қазіргіні салыстырсақ жер мен көктей. Радиация шығып, орталықтың қызметкерлері мен пациенттеріне үлкен зиян келуі мүмкін еді», - дейді ШҚТУ профессоры Валентина Колпакова.

16 рет сот отырысы өткеннен кейін жобаның бас мердігері «ИртышГэсСтрой» ЖШС директоры мемлекетке 2,5 миллиард теңге көлемінде залал келтіргені үшін 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Радиациялық сәулеленуден қорғау үшін плитаның жобалық қалыңдығы сақталмаған. Ол бетоннан жасалып, қалыңдығы 2,5 метр болуы тиіс. Егжей-тегжейлі зерттеу кезінде бетонның тек сегіз сантиметр, ал қалғаны көбік екендігі анықталды. Сонымен қатар циклотронды тек өндіруші компания ғана қамтамасыз ете алады. Олар келіп, құрылғының қандай жағдайда екенін және оған ұзақ уақыт бойы су тамшылап жатқанын көргеннен кейін, кепілдік беруден және қызмет көрсетуден бас тартты. Сондықтан жаңа циклотронды сатып алу қажет болды. Әлемде осындай 41 агрегат бар. Оның бірі біздің орталықта», - деді ҚР Ұлттық ядролық орталығы ӨТБ басшысы Оксана Журина.

Бұрынғы мердігер Siemens шығарған позитронды эмиссиялық томографты және symbia гамма-камерасын орнату кезінде олқылықтарға жол берген.

Нәтижесінде, өндіруші кристалдар мен БФЭКТ жүйесін ауыстыру қажеттілігі туралы сараптамалық қорытынды жасалды.

Оны жаңа мердігер «Фирма Азия» ЖШС өндірді.

«Ядролық медицина және онкология орталығының құрылысы ұзаққа созылған. Оның өз себебі бар. Ең негізгісі – адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Қазір нысан пайдалануға берілген. Сәуірде радионуклидтік диагностика бөлімшесі жұмысын бастады. Енді жақын арада радионуклидтік терапия бөлімшесі іске қосылады. Үшінші кезеңде циклотрондық кешен радиофармпрепараттарды өндіру және олардың сапасын бақылау блогы, позитрондық-эмиссиялық томограф жұмысын бастайды. Қазір жабдықты іске қосуға қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Орталық толық іске қосылғаннан кейін жылына 6600 пациентті қабылдай алады», - деп хабарлады ШҚО ақпарат орталығы.


Соңғы жаңалықтар