Семейдегі су тасқынына себепкер саналған мекеменің кінәсі дәлелденбеді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейдегі көктемгі су тасқынына себепкер саналған Су ресурстары комитетіне қарастыЕртіс бассейні инспециясының басшысының кінәсі сотта дәлелденбеді. Бүгін Семей қалалық №2 соты қылмыстық іске қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, наурыз айының 28-інде Ертіс өзенінің деңгейі көтеріліп, қаладағы бірнеше кент пен саяжай тұрғындары су астында қалған еді. 

Ал өзенінің арнасынан асуына Шүльбі СЭС-інінен жіберілген судың мөлшерден тыс болуы себеп болған. Өйткені секундына жіберілуі тиіс 500 текше метр судың мөлшері 1800-ге дейін артқан. Соның салдарынан қаладағы Түйемойнақ, Мирный, Затон аудандары мен Бобровка, Шығыс саяжайы су астында қалды.

Облыс бойынша гидротехникалық нысандардың жұмысын «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы» мекемесі қадағалайды. Шүлбі СЭС-інен жіберілетін судың күнделікті мөлшерін көбейту шешімі жергілікті атқарушы органдармен келісілмеді деп, Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Мұрат Мұздыбаевтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 371 бабының 2-ші тармағы (Салғырттық, абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет) бойынша іс қозғалған болатын.

Бүгін осы іске қатысты сот отырысы өтті. № 2 соттың төрайымы Жанар Ысқақбаева Мұрат Мұздыбаевқа тағылған айыптың заңсыз екенін айтты.

Оның айтуынша, бұл табиғаттың «тосын сыйы» болған.

«Іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде айыпталушының өз міндеттерін орындамағаны және жұмысына салғырт қарау әрекеттері анықталған жоқ. Мұрат Айткенұлы Мұздыбаев қылмыстық іс бойынша іс-әрекеттерінің жоқтығына байланысты кінәлі емес деп танылды»,-деді Жанар Ысқақбаева.

Соңғы жаңалықтар